ЛАЙФХАКТАР

ЛАЙФХАКТАР

ЛАЙФХАКТАР

TEPIC

TEPIC

TEPIC

ББК 84(5Қаз) + 87.78
УДК 821.512.122−15
К 53
Бастауыш мектеп оқушыларына арналған
әдеби-көркем басылым
Көркемдік редакторы: Б. Мұхтаров
Компьютерде теруші: А. Данилов
Кенжеғарина, Зоя
К 35 Теріс лайфхактар / З. Кенжеғарина;
суреттеуші М. Харитонова. — Қостанай, 2023. — 27 б.: ил.
Цифрлық этикет ережелерінің қиын ештеңесі жоқ! Бізге бала кезімізден қонақта, театрда, мейрамханада
қалай жүріп-тұру керегін үйретеді, сол сияқты қазір интернетте де қалай дұрыс әрекет етуді білуіміз керек.
Өйткені кейде пікірлерімізбен, орынсыз жазбаларымызбен немесе фотосуреттерімізбен басқа адамдарды
ренжітіп алуымыз мүмкін. Өзгелермен зиянсыз қарым-қатынас жасау үшін цифрлық этикет осындай
жағдайларды айналып өтуге көмектеседі. Бұл бейтаныс ортада өзімізді сенімді сезінуге де мүмкіндік береді.
Бұл кітапта біз сендерге цифрлық этикет деген не екенін айтамыз. Есіңде болсын: сен басқаларға құрметпен қарасаң,өзгелер саған да солай қарайды!
Барлық құқық қорғалған. Кітап пен оның кез келген бөлігі авторлық құқық иелерінің рұқсатынсыз көшірілмейді немесе коммерциялық мақсатта пайдаланылмайды. Материалдарды коммерциялық емес мақсатта пайдалану тек авторлықты көрсеткенде мүмкін болады.
© Internews \ © Зоя Кенжеғарина, мәтін, 2023 \ © Маргарита Харитонова, суреттеуші, 2023
Оқырман! Қайырлы күн!
Уақыт қиып, оқып шықсаң түп-түгел,
Күні бұрын айтам алғыс саған мен.
Бұл кітап – теріс лайфхак жинағы.
Жазылғанды істеңдер,
Кейбір кеңес сыймай жатса ақылға,
Рақмет, құлақ асып, ескерем.
Қадірлі оқырман!
Назарларыңа "теріс лайфхактардан" тұратын жинақ ұсынып
отырғанымызға қуаныштымыз!
Бұл теріс кеңестердің барлығы цифрлық этикетке арналған.
Олар интернетті пайдалану әдебін және басқаларға кедергі келтірмеу үшін телефонды қалай дұрыс қолданған жөн екенін де түсіндіріп кетеді.
Сәлемдесу амалдарының өзі де осы "теріс лайфхак" түрінде жазылған.
Әрбір "теріс лайфхактан" соң оған қатысты арнайы ереже қоса беріледі.
Мысалы, біз "Күннің қайырлы сәті!"
("Доброго времени суток"),
"Алдын ала рақмет" және
"Мен сені түсіндім"
сияқты сөздерді қолданудың қажеті жоқ деп айтқымыз келеді.
Олар агрессиялы немесе
жай ғана дұрыс емес тіркес болып, тілді бүлдіреді.
Ұйқысыздық дендесе,
Айығудың әдісі – интернетте отыру.
Уикипедия ақтарып,
Дерек білу, іздену.
Исландия – арал ғой,
Басқа да нәрсе таба ғой.
Міне, білімпаз болдың сен,
Достарыңа хабар бер:
Ұйықтамасын олар да,
Білім алсын түнімен.
Интернетте хат жазғанда кәдімгі өмірде екеніңді ұмытпа. Хабарламаларды уақытқа қарап жаз, кешке не түнде адам демалатынын ескер. Егер шұғыл іс болмаса,
хат алмасуды ертеңге қалдырған дұрыс.
Интернетте сөйлесу
Қиын емес шынымен.
Интернетті бар адам
Пайдаланар күнімен.
Интернетте бәрі тең.
Дауласа қалсаң біреумен,
Әдеп сақтап, тартынба.
"Айналайын, қоя сал,
Сенен де ақылды табылар!" –
Деп жауап бер, қысылма!
Интернетте сөйлескен кезде де күнделікті өмірде адамдармен қарым-қатынаста қолданылатын кәдімгі этикет ережелерін ескер – бейтаныс адамдарға "сіз" де
және дөрекі болма.
Бағдаршам күні – мереке ғой маңызды,
Дәрігер күні, Чебурашка күні тәрізді
Қоғамдық ұйқы күні не.
Құттықтауда бол епті!
Интернеттен іздерсің,
Небір ғажап суретті.
Видео мен GIF тауып,
Бәріне жолда тілекті.
Таныстарыңның бәрін кез келген мерекемен құттықтай берудің қажеті жоқ. Адамдарды шын жүректен, өз сөзіңмен жазылған жеке хабарламалар көбірек қуантады. Басқалардан келген дайын хабарламаларды жөнелте салу дұрыс емес.
Әлеуметтік желілерге
Жарияла да суретіңді,
Бәрінен бұрын өзің "лайк" бас!
Өте-мөте маңызды бұл!
Сонда бәрі түсінеді –
Мағынасыз емес, бір керемет
Жариялапсың дүниені.
Жазбаларыңа өзің "лайк" баспа.
Ол, бір жағынан, өте ұят, екінші жағынан, жұрттың назары мен қолдауына жалтақтайтыныңды білдіреді.
Сынып чаты іш пыстырар:
Мектеп, сабақ, сабақтар...
Сондықтан сенде міндет бар –
Әңгімеге шаттық қос:
Күлкілі мемдер мен, әлбетте,
TikTok роликтерін де әкеп сал.
Ешқайда қашпас сабақтар.
Белгілі бір мақсат үшін ашылған чаттарға тақырыпқа қатысы жоқ ойын-сауық контентін жіберме. Достарыңа күлкілі суреттер мен видео жібергің келсе немесе олармен жай сөйлескің келсе, ол үшін арнайы чат не арна аш.
Жұрттың телефонынан асқан
Қызық бар ма жалғанда?!
Сыныптасың қалдырып кетсе
Паролі жоқ құрылғысын,
Дереу галереясына кір де,
Тарат желіге бар суретін.
Басқа адамдардың телефонын рұқсатсыз алуға, әсіресе ондағы фотосуреттер мен хат-хабарлама бөлімін қарауға болмайды.
Камераны қоспай-ақ қой,
Сабақ қашықтан өткенде.
Айналада тыңшылар бар,
Зұлымдар мен дұшпандар.
Аңдып жүріп, біліп қалар
Құпияңды қорыған.
Сөйтіп, сені ұрлап кетіп,
Қамап тастар бір жерге.
Ал мұғалім қоймай жатса
Талап етіп видеоны,
Қызық фильтр тауып, қолдан
Мысық болып, мысалы.
Түрің жұртқа таңсық емес,
Осы қызық одан да,
Көңілді өтер сабақ та.
Бейнеқоңыраумен сөйлесудің өзіндік ережелері бар.
Әдетте камера қосылған бейнеқоңыраулар сөйлесушілерге бір-бірін көруге мүмкіндік береді.
Егер бөлмең шашылып жатқанынан ұялсаң, бұлыңғыр фонды қос.
Бірақ сөйлесіп отырған адамдарыңның ойын бөлетін фильтрлерді немесе фондарды қолданба.
Отбасыңмен театрдасың:
Апайлар мен ағайлардың
Сәнді киінген қасындасың.
Пиджак киіпті әкең де,
Сахнада балерина жүр секеңдеп.
Музыка да түсініксіз,
Не себепті бәрі үнсіз?!
Қызық болып па осы да?!
Іш пыстырар отырыс.
Сондай кезде досыңа жаз,
Телефон соқсын жып-жылдам.
Көңілді ғой рингтоның да,
Сахнадағы қойылымнан.
Сонда жақсы кеш болар,
Анаң мен әкең қуанар,
Диджей болды деп балам.
Тыныштық сақталуы керек жерлерде (кітапханаларда, музейлерде, театрларда және тағы басқа) телефоныңның дыбысын өшір. Кенет соғылған қоңырау жұмысшылар мен басқа адамдарға кедергі жасауы мүмкін.
Телефон соқ әй-шайсыз кім-кімге де,
Маңыздысың дүниеде бәрінен сен.
Қоңырауға бермесе жауап лезде,
Әрекетті тоқтатпа, қысылма еш.
Ешкімнің қолы тимеуі мүмкін емес,
Сөйлесуге құлықты бәрі өзіңмен.
Күтіп жүрген қоңырауыңды қанша күннен
Тездетіп сол адамның нөмірін тер.
Қазіргі кезде адамға алдын ала
ескертпестен телефон соғу әдепсіздік
деп есептеледі. Адамға әуелі
хабарлама жазып, сөйлесе ала ма,
жоқ па – соны анықтап алған дұрыс. Хабарлама жазу мүмкін болмаса,
телефон соққан кезде сөйлесу
ыңғайлы ма деп бірден сұрап ал.
Бір досыңның туған күні,
Құттықтайсың қалай оны?
Сыйға тапсырыс берсең бе екен,
Шақырғаның жөн бе бір фильмге?
Бұл қымбат қой әрі анаңнан
Ақша сұрауға тура келеді.
Ең дұрысы – еш қиналмай,
"ТК құтты болсын" деп жазып жібер.
Әлеуметтік желілерде біреуді құттықтағанда бұған салмақты қара.
Ол адамның тап өзіне не тілеуге болатынын ойлан. "ТК құтты болсын" ("С ДР"), "ЖЖ құтты болсын" ("С НГ") деген сияқты мәнсіз тіркестерді қолданба.
Электрон поштамен хат жазғанда,
Тоқетерін жайып салма.
Алушыға тосын сыйдай болсын,
Тақырыпты бірден жазба.
Үй жұмысын сұрамақ болғаныңды
Басы қатсын, білмей досың.
Ол, әрине, бір шаттанар:
Бұйырды ма деп мұрасы ханзаданың
Бір заманда билеген Занзибарды.
Билет алып ұшаққа, кетіп қалар,
Бірақ онда, амал не, үй жұмысын
Білуің керек болар басқалардан.
Электрон хат жолдағанда оның
тақырыбын көрсетуді ұмытпа.
Сонда хат алушы оны спам екен
деп өшіріп тастамай, хат не туралы
екенін бірден біледі.
Сөйлескің келсе біреумен,
Бірақ телефон соққың келмесе,
Хабарлама жазуға тағы ерінсең,
Ең дұрысы – аудио жібер,
Бола ма, жоқ па оны ыңғайлы
Әлгі адамға тыңдау, мейлі.
Мессенджерде хат алмасып отырған адамыңнан дауыс хабарлама арқылы сөйлесу ыңғайлы ма екенін сұрап ал. Өйткені ол сол уақытта бос болмай не басқа себеппен аудио тыңдай алмауы мүмкін.
Қашықтан білім алғанда
Асүйден шықса жақсы иіс,
Тауық еті, бәліш, сорпа ма –
Алдыңа әкеп қой толтырып.
Тамақ жеп тыңда сабақты.
Бүкіл сынып білсінші
Үйіңде қандай ас барын.
Видеобайланыс кезінде су ішуге болады, ал тамақ жеп отыру – әдепсіздік.
Ентернет еркын кеныстык
Не жазсанда жазабер
Қашан болсада жазабер
Себеп болмасада жазабер
Ал бреу жазғанын қатеқате десе
Оған кетшы мылжын
Емтеханда отрған жоқпнде
Интернетте сөйлескен кезде сауатты жаз әрі тіл ережелерін сақта.
Кісі толы автобуспен
Мектепке бара жатқанда,
Досың TikTok-тан ролик жіберсе,
Құлаққап іздеме қалтаңнан.
Қаттырақ шығар дауысын,
Естісін бәрі, бір күлсін.
Қоғамдық орындарда видео көру немесе
музыка тыңдау үшін құлаққапты пайдалан.
Хабарлама келгенін байқасаң,
Қасыңдағы адамға,
Түк ұялма, жасырынба
Ашып, оқы одан да.
Көмектес жауап жазуға,
Қатесін де түзей сал.
Білсін ортақ іс екенін,
Хат алысу деген – сол.
Біреудің телефонындағы хабарламаларды оқуға болмайды, ол да – біреудің
жеке хатын ашып оқығанмен
тең әдепсіздік.
Сөйлескің келсе досыңмен,
Назар аударма ешкімге.
Ыңғайланып отырып,
Видеобайланысты қос, тежелме.
Құлаққаптың қажеті жоқ,
Әңгімең қызық әркімге.
Көрсетіп қой досыңа
Жаныңдағының бәрін де.
Қоғамдық орында біреуге қоңырау шалғың
келсе, мүмкіндігінше тек телефон соқ.
Ал бейнеқоңырау соғуға тура келсе,
құлаққапты қолдан және басқа адамдарды
кадрға түсірмеуге тырыс, өйткені бұл оларға ұнамауы мүмкін.
Құлаққаппен әсем ән тыңдап,
Келе жатсаң көшеде.
Дос-таныс, құрбы не мұғалімің
Шыға келсе алдыңнан,
Құлаққабыңды өшірме,
Суырма да құлағыңнан,
Не айта қояр дейсің сол,
Пайдалысы – сүйікті ән!
Біреумен жеке сөйлесіп жатқанда немесе көшеде танысыңды кездестірген кезде құлағыңнан құлаққапты ал, әйтпесе ол мені сыйламайды екен немесе бұған менімен сөйлескен қызық емес екен деп ойлап қалады.
Дыбысзорайтқыш бағанды
Сыйға алдың, қуандың:
Үлкен, күшті, әдемі!
Шық көшеге, қос әнді,
Қатты шығар дауысын.
Талғамыңды білсін жұрт,
Неткен сырбаз бұл жігіт
Деп таңдансын, қызықсын.
Музыканы үйде емес, сыртта тыңдағың келсе, құлаққапты қолдан.
Басқаларға сенің музыкаң ұнамауы немесе кедергі жасауы мүмкін.
Ал музыканы достарыңмен бірге тыңдағың келсе, онда оларды қонаққа шақыр.
Сөйлескенде чаттарда,
Әрине, өте ақылдысың.
Көп ой келіп бір басқа,
Жинақтай алмай қаласың,
Ұмытылып қалар жазбағың,
Бөліп-бөліп жібере бер
Дәл
Осылай
Одан
Да
!
Хат алмасу кезінде ойыңды бір сөйлем етіп жазуға тырыс. Бөлек-бөлек жіберілген хабарламалар қарым-қатынас жасап отырған адамыңа ұнамауы мүмкін.
Достық деген жақсы ғой,
Біледі оны сәби де.
Аулада досың аз болса,
Көбейт оны әлеуметтік желіден.
Тапқаныңды қоса бер,
Көп болып бірге жүресің,
Топ құрайсың ә дегеннен.
Тек айтар бір кеңесім –
Ешқайсысына жазба ештеңе,
Сескеніп, қашып кетпесін.
Әлеуметтік желілерде жеке танымайтын адамдарға достық ұсынба. Мұндай жағдайда олар сыпайылық танытып, саған да жазылуға мәжбүр болады, бірақ бұдан шынайы достық
байланыс орнап кетуі екіталай.
Бейтаныс біреу жақын кеп,
Әкеңнің әріптесі едім деп,
Оның нөмірін сұраса,
Ойланбастан бәрін бер:
Нөмір, e-mail, қалдырма
Мекенжайын да пәтердің.
Әкең қарсы емес қой,
Әріптес деген бөтен бе?!
Бұл – ұлы іс, несі айып
Көмектескеннің өзгеге?
Басқа адамдардың телефон нөмірін, жеке мәліметін олардың рұқсатынсыз таратуға болмайды.
Бір үстелде туыстармен
Не кафеде достарыңмен
Отырғанда, бір мезет
Жалығып кетсең, ойланба,
Телефоныңды ал тезірек,
Қызығына түс, ойна да.
Отырыс ұнамай тұрғанын
Көрсін бәрі, байқасын.
Адамдармен бір үстелде отырғанда телефонды, басқа да гаджеттерді пайдаланба.
Телефонда ойнап отырсаң,
Бірдеңе айтса, келіп анаң,
Не мұғалімің қоңырауда,
Ештеңеге болма алаң,
Не айтса да, маңызды емес,
Маңыздысы – ойын ойнау,
Үлкендер де оны аңғарар.
Біреумен бетпе-бет сөйлесіп отырғанда телефоныңа қарамауға тырыс. Қандай да бір маңызды іс бойынша телефонға алаңдауыңа тура келсе, сөйлесіп отырған адамыңа ескерткенің жөн.
Отбасыңмен киноға барсаң кешігіп,
Қараңғы залда орынды қалай табасың?
Телефонның жағып жарқын жарығын,
Әлбетте, сен бәріне жол ашасың.
Отырғандар ештеңе дей қоймайды,
Орынға тез жайғассаңдар болмай ма?!
Фильм қызық болмай шықса, сәлден соң,
Телефонды алмай, тағы не істейсің?
(Ең бастысы – жарықты қос барынша).
Сен зеріксең – зеріккені бәрінің.
Көре тұруға жаңа мультик табылар,
Достарға да хабарласар кез – осы.
Жарық жағылмауы керек жерлерде (мысалы, кинотеатрда немесе театрда) қолшамды немесе телефон шамын пайдаланба, бұл басқа көрерменге кедергі келтіреді.
Телефонға қарауға тура келетін
жағдай болса, жарықты
мүмкіндігінше азайт. Телефонмен шұғыл сөйлесу керек болса,
залдан шығып кет.
Зоя Кенжеғарина

TEPIC

TEPIC

TEPIC

ЛАЙФХАКТАР

ЛАЙФХАКТАР

ЛАЙФХАКТАР

Цифрлық этикет бойынша
2-4 сыныптарға арналған электрон оқулық
Көркемдік редакторы: Б. Мұхтаров
Cуреттеуші: М. Харитонова
Компьютерде теруші: А. Данилов

СОҢЫ

СОҢЫ

СОҢЫ

Made on
Tilda